Қазақ поэзиясының дарабозы

Қазыналы Қарағандыға ат басын тіреген арда тұлғалар қасиетті қара шаңыраққа соқпай кетпейді. Бұл жолы кітапханамыз Алаштың аспантау ақыны, ұлт жанашыры – Мұхтар Шахановты құрметті қонақ етіп, оқырмандармен кездесу кешін ұйымдастырды.
"Тағылым" танымдық-интеллектуалды клубының аясында өткен кездесуді айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов тізгіндеді. Жиналған жұртпен амандасып алған соң, алпауыт ақынға сөз берілді. Әдебиет жайлы өрбіген әңгімені оқырман қауым қызыға тыңдады. Ұлт болмысы, тіл тағдыры да назардан тыс қалған жоқ. Кеш барысында қаламызда өткен "Тұлға" халықаралық байқау-фестивалінде бас жүлдені қанжығасына байлаған Аяжан Таласбаева сахна төріне шақырылып, ақынның өлмес өлеңін оқып берді.

Кітап – мәдениет пен руханияттың алтын көпірі

20-23 сәуір аралығында кітапханамызда Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне және ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне арналған "Кітап – мәдениет пен руханияттың алтын көпірі" атты Кітап фестивалі өтті. Фестиваль аясында оқырмандарға әртүрлі форматтағы шаралар ұсынылды.
Биылғы жылы аталып отырған тарихи дата – Алаш қозғалысының 100 жылдығы да ерекше назарда болды. Қарағанды политехникалық колледжінің студенттері "Әлихан Бөкейханов" атты қойылым ұсынды. Жастар қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, "Алаш" партиясының жетекшісі Ә. Бөкейхановтың және оның замандастарының образын шеберлікпен сомдады.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің "Тұлғатану" ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесе жұмыс істейтін "Тағылым" танымдық интеллектуалды клубында Н. А. Бейсенбекова, Г.М.Смағұлова, Л.К.Шотбаковалардың "Әлихан Бөкейхан - ұлт мақтанышы" монографиясының тұсаукесері өтті. Шараны әдеттегідей белгілі айтыскер Айтбай Жұмағұлов жүргізді. Кітап мерекесіне арнайы шақырылған мектеп кітапханашылары шара барысында туындаған сұрақтарына жауап алып, болашақта бірлесіп жұмыс істеуді ұйғарды.

Тағылымы мол тарих мұрасы

Кітапханамызда екі жылдан бері қызмет етіп келе жатқан "Тағылым" танымдық интеллектуалды клубы тағы бір қарымды қаламгерді оқырманмен қауыштырды. Талай кемел кездесулердің ұйытқысы болған аталмыш клубтың бұл жолғы қонағы – жерлес жазушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Стивен Кови халықаралық орталығы сертификатының иегері, сазгер Бақытқали Мұсабеков болды.

Оқырмандар назарына

Қадірлі оқырман!
Сіздерді "Тағылым" танымдық - интеллектуалды клубы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Стивен Кови халықаралық орталығы сертификатының иегері,
жерлес қаламгер, сазгер, тіл жанашыры Бақытқали Мұхамедқалиұлы Мұсабековпен өтетін
"Тағылымы мол тарих мұрасы" атты кездесу кешіне шақырады.
Кеш ақпан айының 21 жұлдызында сағат 15.00-де өтеді.

"Тағылым" танымдық интеллектуалды клубы


Құрметті оқырман және барша қала тұрғындары!  

Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық əмбебап ғылыми кітапханасында «Тағылым» танымдық интеллектуалды клубы ашылды. Жаңа жоба Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің "Тұлғатану" ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп жұмыс жасайды. Клубтың модераторы – Арқаның от ауызды орақ тілді айтыскер ақыны, ҚарМУдың ұлағатты ұстазы, ф.ғ.к., доцент Айтбай Жұмағұлов.

Ұлт анасының ұлағатты әңгімесі


Бауыржан Момышұлы. Иә, осы есім аталса болды бірден елеңдеп, жүректі әлдебір тылсым игеріп, бойды жігер билейді. Қарапайым қырық екі әріпке құдірет берген ұлы жанның бір есімін естігенде осындай хәлде жалпы қазақ. Ал, осынау адамның қасында жүріп, көңілін тапқан, қолын жылы суға малып, жағдайын жасаған келіні басынан нендей күй кешірді десеңші... Ол туралы екінің бірі, егіздің сыңары ойламақ түгіл елестете алмайды. Ұлылығы шартарапқа, рухы қазаққа қайрат берсе-дағын, бұл – бақ тек оның отбасына берілген. Батырдың көңілінің пәс, мәзін күнделікке түсіріп, көлеңкесіз, қоспасыз таза шындықты жеткізген келіні - Зейнеп Ахметова.

БАРШАҢЫЗҒА, БАРШАҢЫЗҒА!!!



ХАБАРЛАНДЫРУ

Кітапханада жұмыс істейтін «Тағылым» танымдық интеллектуалды клубы
Қарағанды жұртшылығын тағы бір танымды тұлғамен жүздестіруге қуанышты.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған
«Жастар дәстүрлі құндылықтар үшін»акциясының аясында
 2016 жылдың 19 қазан  күні сағат 18.00-де
Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы-этнограф, қоғам қайраткері,
Зейнеп Ахметовамен  кездесу өтеді.
Зейнеп Ахметова - қазақтың ұлттық дәстүрлерін насихаттаушы, ұлт жанашыры, халқымыздың батыр ұлдарының бірі де бірегейі Бауыржан Момышұлы туралы «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» естелік кітаптарының авторы.
 Батыр атаның көзін көрген, өмірден түйгені мол, айтары бар тұлғадан көкейіңізде жүрген сауалдардың жауабын алуға асығыңызда!