Тұсаукесер!

26 қазан күні кітапханада тағы бір жаңа клубтың тұсауы кесілді. Тарихымызды түгендеп, түбімізді тектеген уақытта осы істердің басы-қасында жүрген, айтулы тұлғалардың тағылымын тыңдау, жүзбе-жүз кездесу жастарға ауадай қажет.

«Тағылым» танымдық интеллектуалды клубы Е.А. Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесе отырып ашылды.

Кешті Арқаның от ауызды орақ тілді айтыскер ақыны, ҚарМУ дың ұлағатты ұстазы Айтбай Жұмағұлов жүргізді.

Клубтың алғашқы қонағы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Шабыт университетінің профессоры, әйгілі жырау Алматов Алмас Нұрмағанбетұлы жиылған жастарға жыраулар поэзиясы жайлы салиқалы дәріс оқып, өз жырларын оқып берді. Жыраулар мұрасы әлі толық зерттеліп болмағанын, елге белгісіз «Кенесары-Наурызбай» сияқты жыр-дастандар табылып жатқанын айтып өтті. Жыраудың өнегелі шәкірттері К. Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің директоры, белгілі жырау Серік Жақсығұлов, «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық жыршы-термешілер конкурсының бас жүлде иегері, ҚҰӨУ IV курс студенті Дина Нұрабаевалар да кештің ажарын кіргізіп, Алмас ағамыздың жазған термелерін домбырамен орындады.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Ахметқызы сөз сөйлеп, «бүгінгі жыршы-термешілердің жеке сайты ашылып, қоғам игілігіне қызмет етсе нұр үстіне нұр болар еді» - деді. Облыстық әкімдік атынан қатысқан Ерлан Құсайынов пен кітапхана оқырманы Рымбай Смағұлов өз кезегінде жыраулар мұрасы тұнып тұрған тарих екенін тілге тиек етіп, клубтың ашылуына қуанышты екендіктерін жеткізді. «Жыр-Жауһар» поэзия клубынан және қаламыздағы іргелі оқу орындарынан келген студент жастар мен кітапхана оқырмандары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, кешті қыздыра түсті. Көненің көзіндей болған жыраулық дәстүр заман өзгерсе де өз өміршеңдігін жоғалтпайтынын осы кеш дәлелдеді. Алмас жырау «қазақ әдебиеті бүгінгі күні әлемдегі ең шұрайлы, терең әдебиеттер қатарынан орын алатын болса, осы жолда жыраулық әдебиеттің үлкен ықпалы бар, себебі жыраулар ат үстінде ұйықтамай ел қорғай жүріп осындай жауһар әдебиет туындысын мұра етіп қалдырған. Жыраулардың бір ерекшелігі сөздері мен істері сәйкес келіп отырған. Бұл мәселе қазіргі таңда шығармашылық адамдарының алдындағы ескеретін басты мәселе» - деп баса айтты.
«Тағылым» клубының алғашқы дәрісі тартымды өрбіп, көңілді аяқталды. Жиылған көпшілік клубтың кезекті дәрісіне қатысуға ықыласты екендіктерін білдірді.









2 комментария:

  1. Алмас Алматовтың арқасында жыраулар поэзиясының қазіргі заманда да жалғасын тапқанына куә болдым. "Тағылым" клубында қызықты кездесулер көп болар деген үміттемін

    ОтветитьУдалить
  2. Үш дәріске де қатысып, көп дүние алдым. Осындай дәрістер тоқтамай өтіп тұрса екен. Ақпараттық заманда бұл үлкен роль атқарады жастарға дұрыс жол нұсқауға. Сәттілік болсын.

    ОтветитьУдалить