Тарихыңды таны, тағылымына құлақ түр!

Желтоқсанның 23 күні қала тұрғындары мен кітапхана оқырмандары "Тағылым" танымдық интеллектуалды клубына жиналды. Бұл күнгі дәрісті жазушы-ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлы жүргізді. Кешті әдеттегідей белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов басқарды. Сөз тізгіні қолына түскен бетте-ақ аты – жөні еңбектері арқылы таныс ағамыз өзінің қарапайымдылығымен, қызықты әңгімесімен жұртты баурап ала жөнелді.

"Біз боларымыз болып, бояуымыз сіңген адамбыз. Яғни, базардан қайтқан адамбыз. Қуантатыны құр қол қайтпадық базардан. Енді сол қолдағы барды сіздер сияқты қаракөздерге таратып беру ғана қалды. Мен мектепті үшке оқыған баламын. Екі жыл қой бақтым. Есте сақтау қабілетімнің өте жақсылығының арқасында ҚазМУ дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Қостанай облыстық телеарнада бас редактор қызметін атқарғанда да түк бітірмеппін. 10 шақты жылым бос кетті деп есептеймін. Мені адам қылған – Социалистік Қазақстан газеті. Мен ол жерде отырып жұмыс істеуді үйрендім. Оқырман қауымнан үздіксіз келіп жаттатын хаттар мені еріксіз тарихтың тұңғиық тереңіне сүңгітіп жіберді. 6 жылдың ішінде алдыңғы босқа өткен уақытымды әзер толтырдым. Мен халықтың тарихқа деген ықыласын көріп, қарап отыра алмадым. Осылай тарихшы ғалым-жазушы болып шыға келдім. Көзім ашылып, дүниетанымым өзгерді. Босқа өткен күндерге өкіндім. Түркі халқы адамзат жаралғалы бері бар, Алтайдан келген деген жорамал қате. Түркілер өте жауынгер халық. Қазіргі тарих енді орнына түсіп келеді. Алдыңғы тарихтың бәрі өтірік, бұрмаланған. XXI ғасыр түркілердің ғасыры болады" - деді ағамыз өз сөзінде.

Дәріс оқу барысында Қойшығара Салғараұлының өз ісіне әбден берілгендігі, өз ұлтын өте сүйетіндігі байқалып тұрды. Дәріс тыңдаушылар сұрақтарын қойғанда, шыдамай орнынан тұрып кете берді ағамыз.

"Қалған дүниенің бәрін кітаптарымнан оқисыңдар" – дей келе кітап көрмесінде тұрған өз кітаптарының жазылу тарихын, қысқаша мәнін айтып берді. Дәріс соңында тарихымызды танып, тағылымына құлақ түргісі келген бір топ жас тарихшыны қаумалап, тағы да сұрақтарын жаудырып, кітаптарын қолтаңбасымен алып жатты. Жалықтырмай тыңдатқан, "Ойлан қазақ" деп ой салған Қойшығара Салғараұлымен болған кездесу өте тартымды өтті.






6 комментариев:

  1. Мен Қойшығара Салғараұлының дәрісін қызыға тыңдадым! Тарих пәнінің ұстаздары осы клубтың отырыстарына келмейтіні өкінішті. Сабақты тек оқулық арқылы ғана емес, осындай Ағаларамыздың дәрістерінен алған деректермен де толықтырса, мүмкін, балалар жалықпас еді.

    ОтветитьУдалить
  2. Қызықты кездесу болды. Жастайымыздан аты жақсы таныс тарихшымен жүзбе-жүз кездесу, тыңдау.... Ерекше есте қалатын оқиға!

    ОтветитьУдалить
  3. Өте пайдалы кездесу болды. Тағы кездесеміз деп ойлаймын.

    ОтветитьУдалить
  4. Мен «Тағылым» танымдық интелектуалдық клубы өткізген шараларға қатыстым. Кездесу жазушы Қойшығара Салғараұлымен болды. Автор өте қызықты фактілер келтіріп әңгімеледі. Өзінің кітабы туралы айтты. Кітабы «Мыңғұл мен моңғол және үш Шыңғыс» және екінші кітабы «Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар». Тарих туралы қызықты әңгімелер айтылды. Автор біздің кітапханаға осы екі кітапты сыйлады. Маған білім беретін шаралар өте ұнайды.

    ОтветитьУдалить
  5. Кітапханамызда өтетін «Тағылым» танымдық интеллектуалдық клубының кезекті кездесуі Салғараұлы Қойшығара ағамызбен болды. Кездесу маған өте үлкен әсер берді. Ол кісінің жазған еңбектері: «Түріктер», «Ұлы қағанат», «Түрік әлемі», «Мыңғұл мен моңғол және үш Шыңғыс», «Хандар кестесі» т.б. тарихи зерттеулерінің өскемен ұрпаққа берері мол. Ағамыздың қазақ халқына жасап жатқан еңбегі өте зор. Менің ойымша осындай танымдық шаралар жастарға өте қажет.

    ОтветитьУдалить
  6. Тарихымыз бойынша көптеген көкейімде жүрген сұраққа жауап таптым. Керемет білім иесі екен. Алла разы болсын. Ағамыздың дені сау болғай. Үйге рухтанып қайттым.

    ОтветитьУдалить