Алаш мұрасы - рухани асыл қазынамыз

Жиырма жетінші қаңтар. Ымырт құлайтын мезгіл. Облыстағы бас кітапхананың оқырман залы лық толы. Басым бөлігі лапылдап тұрған жастар. "Келді, келді" - десіп, дүрлігісе орындарын тұрып қол соқты. Орта жастан жаңа асқан ақсары жүзді жігіт ағалары зал төріне беттеп келеді. Келіп арнайы дайындалған орынға жайғасты. Жұрт сілтідей тына қалды.
Бұл - Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған «Тағылым» танымдық интеллектуалдық клубының кезекті кездесуі еді. Тізгін әдеттегідей Айтбай Жұмағұловта. Қонақтар - әлихантанушы-ғалым, 1995 жылы Ә.Бөкейханның "Таңдамалысын" құрастырып шығарушы, халықаралық журналист, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы "Алаш" мәдени және рухани даму институтының директоры Жүсіп Сұлтанхан Аққұлұлы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, профессор Сағымбай Жұмағұлов, Алаш ардақтыларының бірі Қошке Кемеңгердің тікелей ұрпағы, Омбы өңірінің тумасы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайырбек Кемеңгер.

"Абайдың өлеңдерін тұңғыш Петербордан шығартып, "Қазақ" газетін жарыққа шығару идеясын ұсынған, қай салада қызмет етсең де өз ісіңнің шебері бол, бастысы еліңе қызмет ет - деген де Әлихан. Оның қанатты сөздері әлі күнге дейін аңыз болып айтылып жүр. "Қазақтың оқыған азаматтарының басын қосып "Алаш" автономиясын құруы, қанша қиындық көрсе де алған бетінен қайтпаудағы басты мақсаты ұлттық мүддеге қызмет ету болды. Ұлт үшін сол кездегі атқаруға тиіс болған басты міндет "Алаш" мемлекетін қысқа уақыт ішінде дамыған Жапония сияқты мемлекетке айналдыру, қазақтың өз ырысын өзі жаратуға мүмкіндік туғызу еді" - деді алғаш болып сөз алған С. Аққұлұлы.

Көпшілікті ашық пікірталасқа тартып, қысылмай өз ойларыңды айтыңдар, -ов,-ев – деген жұрнақтардан арылатын кез әлдеқашан жеткен деп жиылған жұртты бір баурап алды. Тұс-тұстан сұрақтар қойылып, қызу пікірталас жүрді. Қарағанды аспанында Алаш рухы дүр сілкінгедей болды. Өңіріміздің жас ақындары мен журналистері, ұстаздары өз ұсыныстарын айтып, кездесуді өртке май құйғандай өршелендіре түсті. С. Жұмағұлов Сұлтанхан ағаның пікірін толықтыра түсіп, ең бастысы бірлік, тұтастық, ұсақ-түйектен аулақ болу, білім-ғылыммен айналысу, елдің ертеңі үшін аянбай тер төгу жолында Алаш арыстарынан үлгі алу керектігін айтты.

Қошке Кемеңгерұлының шөбересі өзін жастарға қысқаша таныстырып, осы арыстардың өр рухы ғылымға келуіне себепші болғанан атап көрсетті. "Әлихан Бөкейханның биыл 16 томдық шығармалар жинағы шықпақшы, мұндай асыл мұра қалдырған елдің бағына туған азаматтар кемде-кем" - деді. Кеш барысында көптеген ұсыныстар, тұщымды пікірлер, бастамалар айтылды. Рухани жұтаңдық белең алып тұрған заманда, азуын айға білеп, ағысқа қарсы жүзген Әлихандай ерлерге арналған шараға 2 сағат уақыт деген не тәйірі.. Кездесудің әсері өне бойларын шымырлатып, қимай үйлеріне тарап жатқан, кеуделерінде көселмей тұрған асқақ рухы бар зерделі жастардың көзінен біз осыны көргендей болдық.

3 комментария:

  1. Қандай керемет кездесу болды десеңізші... Ұйымдастырушыларға мыңалғыс! Айтбай ағамызға үлкен рахмет! Әлихан Бөкейхан сындыұлы тұлғаның жолынжалғайтын алаш ұлдары осы кездесуден соң көбейе түседі деген үміттемін... РАХМЕТ, игі шара жалғасын таба берсін!

    ОтветитьУдалить
  2. Өте тартымды да танымды кеш болды.

    ОтветитьУдалить
  3. Тамаша кеш болды. Керемет рухани әсер алдым. Жастардың көп келгеніне қатты қуандым. Өйткені олар елдің ертеңі.

    ОтветитьУдалить