Ұлт анасының ұлағатты әңгімесі


Бауыржан Момышұлы. Иә, осы есім аталса болды бірден елеңдеп, жүректі әлдебір тылсым игеріп, бойды жігер билейді. Қарапайым қырық екі әріпке құдірет берген ұлы жанның бір есімін естігенде осындай хәлде жалпы қазақ. Ал, осынау адамның қасында жүріп, көңілін тапқан, қолын жылы суға малып, жағдайын жасаған келіні басынан нендей күй кешірді десеңші... Ол туралы екінің бірі, егіздің сыңары ойламақ түгіл елестете алмайды. Ұлылығы шартарапқа, рухы қазаққа қайрат берсе-дағын, бұл – бақ тек оның отбасына берілген. Батырдың көңілінің пәс, мәзін күнделікке түсіріп, көлеңкесіз, қоспасыз таза шындықты жеткізген келіні - Зейнеп Ахметова.

Атаның ер есімін арқалаған ардақты жан, айтулы тұлғамен қазанның 19 жұлдызы күні облыстық Н. В. Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында «Жыр-Жауһар» поэзия клубы мен «Тағылым» танымдық интеллектуалды клубында кездесу өтті. «Шуақты күндер» және «Бабалар аманаты» кітаптарының авторы, этнограф-жазушы Зейнеп Ахметованың кітапханаға ат басын бұратынан хабардар болып қызығушылық танытқан қала жұртшылығы бұл кездесуді асыға күтті.

Кеш тізгінін республика көлеміне танымал ақын Сәттібай Жүнісов алды. Ұлт жанашыры жиналған қауыммен емен-жарқын сұхбаттасып, жастарға халқымыздың салт-дәстүрі жайында әңгіме өрбітті.

«Ала жіп тіршіліктің символы. Тек бір жалғыз бар ол-Құдай. Қалған тіршілік иесі жұппен жаратылған. Ақ қараға жұп. Десек те адамзаттың өмірінде ақтың рөлі көп болғаны игі. Тұсау кесерде ақпен қара жіпті қарасын азырақ, ағын көбірек етіп есудің түпкі мәні осында»-деп ата-салтымыздың екінің бірі біле бермейтін түпкі мағынасын тарқатып берді. Қаламгер қойылған әр сұраққа танымды да тағылымды жауап қайтарды.

Қара сөздің қайығына мініп, кемеңгер ойы желкендей жетектеген ақылгөй ананы ұйып тыңдаған тыңдарман уақыттың қалай өткенін де байқамай қалды. Кеш соңында жазушыны қаумалап, кітабына қолтаңба қойғызып, батасын алуға асыққан жастар Ұлт анасының ұлағатты әңгімесінен кейін рухани қанаттанып, көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.

































Комментариев нет:

Отправить комментарий